«Біз өз кәсіби жолымызды таңдаймыз»
Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылының басшысы Г.Кәрімованың және Павлодар қаласының әкімдігінің бастамасымен «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастырылды. Бұл экскурсиялар балаларға лайықты кәсіпті таңдауға және оларды одан әрі әлеуметтендіруге көмектесетін «Мамандық таңдай отырып – өмір жолымды таңдаймын» жобасының шеңберінде өткізілді.
Бірінші ауқымды экскурсия «Молком-Павлодар» зауытының базасында өтті. Балалар ауылының тәрбиеленушілері өндірістің бастаптқы межесінен тауар шығару сәтіне дейін сүт өнімдерінің бүкіл дайындалу процесін көре алды. Таныстыру барысында балаларға бас технолог және зауыт зертханасының басшысы жетекшілік жасады. Балалар Finnpackке арналған құю және орауыш шеберханаларына барып, РЕТ-бөтелкелерге және тетрапакқа жеке логотип салынуын тамашалады, бұл экскурсияға қатысушыларға аса қызық болды. Іс-шараның соңында барлық балаларға компания қызметкерлері тәтті сыйлықтар ұсынды.
Екі күннен кейін балалар ауылының тәрбиеленушілері Павлодар облысындағы тағы бір жетекші кәсіпорынға, «Рубиком» ет комбинатына барды. Кәсіпорын басшылығы Ленин кентінде орналасқан өндіріс орнына балаларды жеткізіп, кәсіпорынның технологы мен цех бастығы кездесу ұйымдастырды. Олар балаларға шұжық өнімдерін өндіру цехын көрсетті. Экскурсияға қатысушылар ет пен шұжық өнімдерін жасаудың барлық технологиялық процесін бақылады. Бірегей компьютерлік заманауи жабдықтар жеткіншектерді таң қалдырды. Дайын өнімге арналған тартылған ет, термиялық өңдеу және сақтау қоймаларын құру бойынша таныстырулар ерекше қызықты болды. Шұжық қоймаларындағы сақтау тәртібі дүкендер мен супермаркеттер желісінің талаптары бойынша жүзеге асады. Кәсіпорынның бас технологы кәсіпорынның қашан және қалай құрылғанын, зауытта жұмысшыларға сұраныс бар екенін айтты. Сонымен қатар, «Рубиком» басшылығы жақын және алыс шет елдердің арасында ет өнімдерін өндіру бойынша тәжірибе алмасу мен дағдыларды жетілдіруге, кәсіпорын қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктер беріп, айтарлықтай жоғары жалақы тағайындауға зор көңіл бөлетінін жеткізді.
Экскурсияны қорытындылай келе, қатысушыларға өздеріне ұнаған өнімнің барлық түрінен дәм татқызды. Тәрбиеленушілерге тәтті сыйлықтар берілді.
Балалардың айтуынша, мұндай кездесулер пайдалы әрі танымдық сипаты мол болып табылады, өйткені олардың өз кәсіби жолын одан әрі анықтауына мамандық қызметімен етене танысу көмектеседі. Бұл – әрі қызықты, әрі үйретері мол, аса маңызды жұмыс. Экскурсия барысында жасөспірімдер заманауи еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, өзінің кәсіби мамандығын анықтауға ықпал ететін жаңа технологияларды, өндірістің инновациялық әдістерін көрді.
Балалар ауылының басшысы Г.Е.Кәрімова экскурсия өткізуге келісім беріп, кәсіпорынның өндірістік ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасағаны, жоғарғы сынып оқушыларына сүт және ет өнімдерін өндірудің технологиялық үрдісін көріп-тамашалауға көмектескені үшін «Молком-Павлодар» зауыты және «Рубиком» ет өңдеу зауыты басшылығына алғыс айтты, одан әрі ынтымақтастық байланысымыз дами беретініне үлкен үміт білдірді.